Жүрек және қантамырларының жағдайын бақылау
Жүрек-қантамыр жүйесі аурулары кеңінен таралған және олардың асқынуы өте қауіпті. Емдеуші дәрігеріңізге үнемі барып жүрсеңіз, оның емдеу туралы ұсыныстарын сақтап, жүрегіңіз бен қантамырларыңыздың жағдайын ара-тұра бақылап жүрсеңіз, бұл қауіп-қатерді айтарлықтай төмендетуге болады. Бірақ тіпті, дәрігер белгілеген кардиологиялық диагноз болмаған жағдайда жүрек жұмысының бұзылуына бейімділігі бар адамдардың тексеріліп жүргені дұрыс. Мысалы, жиі болатын стресс, тұқымқуалаушылық, 45 жастан асқан кезең.
Тексерілген кезде ең бірінші, жүрек жиырылуына, басқаша айтқанда, пульсқа назар аудару керек. Тыныштық қалпында бұл көрсеткіш минутына 60-80 соққыны құрайды. Жиіліктен басқа, жүрек жиырылуының ырғағы да маңызды: пульсті тексерген кезде соққы арасындағы аралықтардың ұзақтығы әртүрлі болса, жүрек ырғағының бұзылуы (аритмия) бар екендігін айтуға болады. Бұл кардиологқа баруға себеп болады.
Дәрігер жүрек және қантамыр ауруларының асқыну қаупінің факторларын бағалауға мүмкіндік беретін талдаулар белгілей алады, атеросклероз, ишемиялық жүрек ауруы және жүрек тапшылығының асқыну қаупін анықтай алады, сондай-ақ миокард инфарктінің ықтималдығын бағалай алады. Диагностика кешенді түрде жүргізіледі: зертханалық талдаулар және тексерудің инструменттік әдістері арқылы.
Кардиологиялық профильге қандай талдаулар қамтылған?
Липидті профиль – қандағы холестеринді және оның фракцияларын («нашар» және «жақсы» холестерин деп аталатын) анықтау. Мұндай талдаудың нәтижесі атеросклерозға деген бейімділікті түсінуге және жүректің ишемиялық ауруының бар екенін көрсетуге көмектеседі.
Коагулограмма қанның тұтқырлығын тексеруге көмектеседі. Тұтқырлықтың шамадан тыс көп болуы жүректің әртүрлі ауруының асқыну қаупінен хабар береді: артериалды гипертония, ишемиялық аурулар, инфаркт және инсульт. Бұл талдаудағы нормадан ауытқу – себебін анықтау үшін, сондай-ақ ем белгілеу үшін дәрігерге қаралуға себеп болмақ.
АСТ (аспартатаминотрансфераза), КФК-МВ (креатинфосфокиназа - МВ), ЛДГ (Лактатдегидрогеназа) ферменттерінің бар-жоқтығына қан тапсыру. Бұл «жүрек-қантамыр ауруларының маркерлері» деп аталады. Бұл ферменттер деңгейінің жоғары болуы инфаркт және басқа да жүрек ауруларының асқыну қаупін көрсетеді.
Инструменттік тексеру әдістері
Электрокардиография (ЭКГ)
Бұл зерттеу жүректің электр импульстерін өндіру және өткізу бойынша жұмысын бағалауға мүмкіндік береді. Кардиограмма бойынша дәрігер мынадай бұзылушылықтарды анықтауы мүмкін (егер жазылған кезде белгіленген болса):
- жүрек ырғағының әртүрлі бұзылулары және жүректің өткізу жүйесі бойынша импульстерінің бұзылуы
- миокард қорегінің бұзылуы (көбіне ишемиялық жүрек ауруының белгілерін көрсетеді, соның ішіндегі ең маңыздысы - миокард инфаркті)
ЭКГ арқылы нені анықтауға болмайды?
Жазған кезде жоқ болған «өткінші» жай-күйлерді белгілеу мүмкін емес. Мысалы, аритмия ұстамасы болды, ал күндіз ЭКГ жүрек қалыпты жұмыс істеп тұр деп көрсетуі мүмкін.
Сирек байқалатын бұзылушылықтарды жазу үшін мәліметтерді тәуліктік жазу әдістемесі (Холтерлік ЭКГ мониторингін жасау) әзірленген.
Холтерлік ЭКГ мониторингін (ХМ) жасау
Холтер – бұл бір тәуліктің ішінде және одан аса уақыт бойы белгіленетін ЭКГ. Сондықтан да мұндай мониторинг жасау көрсеткіштері жүрек бұлшық етінің жұмысын ұзақ уақыт бойы динамикада бағалайтын даулы және қиын жағдайларда кардиограммадан әлдеқайда тиімді болады.
Бұл зерттеудің ең басты артықшылықтарына мыналарды жатқызуға болады:
- жүректің жұмысын тыныштық, ұйқы, дене жүктемесі, эмоционалды көрініс және т.б. күйде белгілеуге мүмкіндік бар;
- миокард жұмысын ұзақ уақыт бойы зерттеу;
- сирек байқалатын және ұзақ уақыт бойы зерттеген кезде ғана білінетін жүректің жұмысындағы тіпті, болмашы ақаулықтарды белгілеу мүмкіндігі;
- жүректің жұмысына эмоционалды тұрғыдан ықпал ету мүмкіндігі ескерілмейді.
Әдетте, Холтердің көмегімен ырғақтың бұзылуы және жүректің өткізгіштігі, ишемиялық ауру және ЖҚЖ басқа да аурулары анықталады. ХМ ерекшелігі – «өткінші», яғни тұрақсыз бұзылушылықтарды анықтайды.
Жүктеме сынамалары (велоэргометрия және тредмил-тесті – жарыс жолы)
Бұл әдістердің мәні – біртіндеп ұлғаятын мөлшерленген дене жүктемесі кезінде ЭКГ және артериалды қысымды жазу.
Зерттеулер дене жүктемесі салдарынан болатын ишемиялық аурудың ЭКГ-белгілерінің бар-жоқтығын және адамның жеке жүктемеге қаншалықты төзімді екенін анықтауға мүмкіндік береді.
ЭХО КГ (эхокардиография немесе жүректі УДЗ)
Бұл әдіс жүрек бөліктерінің көлемін, жүрек камералары қабырғаларының қалыңдығын, Доплер әсерінің көмегімен қан ағымының бағыты мен жылдамдығын анықтауға мүмкіндік береді.
Жүректің қақпақшасындағы ақаулар (пролапс, стеноз, тапшылық), қабырға гипертрофиясы (қалыңдауы), қан айналымының өкпе шеңберіндегі қысымның көтерілуі анықталады, жүректің жиырылу мен босаңсу қабілеті бағаланады, сондай-ақ жүрек қуысында тромбының бар екенін, аортаның бастапқы бөліктерінің атеросклероздық зақымдануының деңгейін көру мүмкіндігі болады.
Коронарография
Ишемиялық жүрек ауруына күдік болған жағдайда коронарлы артерия жағдайына диагноз жасау кезінде бұл әдіс «алтын стандарт» болып табылады.
Емшара жүректің суретін бейнежазбаға түсіруге арналған ерекше рентген құрылғысымен жабдықталған арнайы бөлімше жағдайында стационарда жасалады.
Аяқтағы немесе қолдағы артерия арқылы жергілікті анестезиямен жүрекке катетер енгізіледі. Сол арқылы рентгенконтрастілі зат беріледі және рентген суретіне бейнежазба жасалады.
Коронарлы артерияның (стеноз) тарылуы көріне бастайды, дәрігерлер хирургиялық тұрғыдан араласудың қажеттілігі туралы шешім қабылдау үшін кейін оны пациентпен бірге бағалай алады.
Артериалды қысымды бақылау
«Артериалды гипертония» деген диагнозы бар адамдардың ғана емес, «жүректері ауыратын» басқа да адамдардың артериалды қысымын тұрақты түрде өлшеп тұрған маңызды. Дені сау адамның артериалды қысым көрсеткіштері — 120-140/80-90 мм сын. бағ. Ал егер ол норма шегінен шығатын болса, яғни 140/90 мм сын. бағ. көтерілсе, бұл жүрек-қантамыр жүйесінің ауруын көрсетеді, оны уақытында анықтап, дәрігерге жүгінген жөн.
Қысымды өлшеу үшін арнайы құрылғылар — тонометрлер мен электронды өлшеуіштер қолданылады. Жартылай автоматты құрылғыларды – тонометрлерді қолданған кезде қол манжетасы грушаны қысу арқылы үрленеді. Электронды өлшеуіштерде қол манжетасы автоматты түрде үрленеді, бұл артериалды қысымды үй жағдайында өз бетіңізше өлшеудің дұрыс нұсқасы.
АҚ өлшеуге арналған заманауи құрылғылар өте ыңғайлы, пайдаланған оңай, көп қызметті: қысыммен қатар пульсті де анықтайды, алынған көрсеткіштерді «есте сақтайды».
Қысымды тонометрмен ҚАЛАЙ дұрыс өлшеуге болады?
- Кемінде 5 минуттай демалыңыз.
- Артериалды қысымды өлшегенге дейін 30 минуттай шылым шекпеңіз және кофеин (кофе, кола, шай) ішпеңіз.
- Орындықтың арқасына сүйеніп отырыңыз, ал қолыңызды ыңғайлап дастарқанға қойыңыз. Аяғыңызды айқастырмаңыз, еденді табаныңызбен басып тұрыңыз. Сөйлемеңіз.
- Манжета иыққа жүрек деңгейіне салынады. Манжетаның төменгі жағы шынтақ бүгілісінен 2-3 см жоғары болуы тиіс. Иықты киім басып тұрмауы керек.
- Анағұрлым дәл нәтиже алу үшін қысымды күніне екі рет тәуліктің бір мезгілінде өлшеңіз.
Маңызды! Артериалды қысым деңгейі үнемі жоғары болып тұрса (және де бұл стреспен немесе дене жүктемесімен байланысты болмаса), сондай-ақ демікпе мазалап жүрсе, кеуде немесе кеуденің артқы жағы ауырса, қол-аяғыңыздан күш кетсе, сөйлегенде қиналсаңыз, шұғыл түрде дәрігерге көрініңіз! Бұл белгілердің бәрі жүрек-қантамыр жүйесіндегі айқын қиындықтардан хабар бергені.