Жүрек туралы

Жүрек


Жүрек дегеніміз – бұл «мотор», орталық және адам денесіндегі негізгі органдардың ішіндегі негізгісі. Оны ұлы ақындар өлеңдеріне қосып жырлаған, үздіктердің ішіндегі үздік ғалым адамдар зерттеген. Қазіргі таңда ғылымда жүрек туралы егжей-тегжейлі ақпарат бар. Десе де тіпті, әлемнің озық кардиологтарының өздері оның жұмысының мүлтіксіздігіне қайран қалып келеді.


Жүректің физиологиялық қасиеттері расында да, таңғалдырады. Ол сыртқы тітіркендіргіштердің әсерінсіз-ақ ырғақпен жиырылуға қабілетті. Импульс органда пайда болады! Бұл құбылыс жүрек автоматизмі деп аталады. Оған электр, химиялық және басқа да тітіркендіргіштер әсер еткен кезде жүректің бұлшық еті (миокард) қозады, соның нәтижесінде ол жиырылады. Қозу және жиырылу кезеңдерінде жүрек электргенераторға ұқсап кетеді: адам денесінің өткізгіштік қабілеті жоғары тіндері электр әлеуетін тіркеуге мүмкіндік береді. Оларды жазу жүректің жұмысына диагностика жасайтын ең көп таралған әрі қолжетімді әдіс болып табылатын электркардиографияның (ЭКГ) көмегімен іске асырылады.


Анатомиялық тұрғыдан алғанда, жүрек деген – іші қуыс бұлшық ет органы. Оның негізгі қызметі – қанды қантамырларға үздіксіз айдау, тиісінше, адам денесінің барлық органдары мен жүйелерін қанмен жабдықтау. Бұл міндет өте күрделі және керемет төзімділікті талап етеді. Көлемінің кішкентайлығына қарамастан, жүректің осындай төзімділік қасиеті бар. Небәрі бір минуттың ішінде ол бес-алты литр қанды айдайды. Қатты жүктеме түсетін төтенше жағдайларда 60 секундтың ішінде 30 литрге тең жүктемеге төзуге қабілетті!

Жүректің орташа салмағы – шамамен 300 грамм. Әдетте, бұл органның көлемі оның иесінің жұмған жұдырығының көлеміне сәйкес келеді.

Жүрек қалай құрылған?

Жүректе төрт камера орналасқан: оң және сол жүрекше, сондай-ақ оң және сол қарынша. Жүрекше мен қарынша өзара аралықтармен және қақпақшалармен бөлінген, олар қанның тек бір бағытта ғана ағуына мүмкіндік береді. Жүрекше қанды жинайды, ал қарынша қатты бұлшық ет жиырылысының көмегімен оны қантамыр арнасына жібереді.


Оның ырғақты түрде соғуына миокард жүректің ортаңғы (бұлшық ет) қабаты жауап береді.


Бір қызығы, әр жиырылған сайын миокард небәрі 0,4 секунд қана босаңсу фазасына енеді екен. Ал егер есептейтін болсақ, бір тәулік ішінде жүрегіміз 8 сағат жұмыс істеп, 16 сағат босаңсиды екен! 24 сағаттың ішінде ол шамамен алғанда 108 000 рет соғады екен.


Әрине, жүректің көмекші органдары бар. Ол қанды айдап, қантамырларға таратады. Бұл іші қуыс “түтікшелер” адамның бүкіл организміне өтеді. Сол қан арқылы барлық органдарға оттегі мен нәрлі заттар жеткізіледі.

Олай болса, жүрек пен қантамыр бірігіп, адамның жүрек-қантамыр жүйесін құрайды.

Қантамырларының сатылануы:

Артериялар мен артериолдар
Олар тіндер мен органдарға оттегімен және нәрлі заттармен байытылған артериалды алқызыл қан жеткізеді.
Капиллярлар
Ең ұсақ әрі жұқа қантамырлар. Қан мен тіннің арасындағы зат алмасу процесін қамтамасыз етеді.
Венулалар мен көктамырлар
«Тазалаушылардың» рөлін атқарады: бүкіл организмдегі оттегісі жоқ және зат алмасу процесінің заттары барвеналық қанды (артериалды қанмен салыстырғанда құрамындағы оттегі аз болғандықтан оның түсі қоюлау болады) жинайды.

Қантамырлардың бәрі қан айналымының екі шеңберін түзеді: үлкен және кіші. Кіші шеңбер қантамырлары веналық қанды оттегімен байыту үшін өкпеге жеткізеді. Ал үлкен шеңбер қантамырлары арқылы жүрек артериалды қанды бүкіл органдар мен жүйелерге итереді.
Оның ішінде, қайта айдалған қанның шамамен 20 %-ы жеке қанмен жабдықтау және жүректі нәрлендіру жүйесіне (коронарлы қантамыр жүйесі) қамтылған. Бұл ерекшелік «моторымыздың» ақаусыз, ұзақ жұмыс жасауына мүмкіндік береді.


Жүректі сау қалпында сақтауға не көмектеседі?

Қуаныш-шаттықпен өмір сүру, пайдалы тамақтануды, спорт пен организмдегі микроэлементтердің теңгерімін ұмытпау – адамнан талап етілетін нәрселер осы ғана! «Рақаттана күлу» қантамырларын кеңейтеді, сол кезде миға оттегінің көп мөлшері тасымалданады. Сонымен қатар көңіл көтерген кезде біз адамның жүрек-қантамыр жүйесіне жағымсыз әсер ететін кортизол және адреналин гормондарының деңгейін автоматты түрде төмендетеміз.

Жүрегіңізге күлімсіреп қараңыз!